«Кәсіподақ ұйымы – ынтымақтастық кепілі»
30.12.20222022 жылдың 29 желтоқсан күні Шиелі ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында әлеуметтік әріптестердің қатысуымен кәсіподақ белсенділерінің «Кәсіподақ ұйымы – ынтымақтастық кепілі» атты жиыны өтті. Басқосу Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Айтбай Жандарбеков, аудандық бөлімдер мен ауылдық округі әкімі аппараттарының басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, кәсіподақ мүшелері және «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева, облыстық кәсіподақ комитетінің заңгері Кенес Махамбетовтың қатысуымен өтті. Барлығы 25 адам қатысты.
Облыстық филиал төрайымы С.Тұрсынбаева қатысушыларға «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалында 2022 жылда атқарылған жұмыстармен таныстырып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің «Қызмет» салалық кәсіподағы арасындағы 2022- 2024 жылдарға арналған еңбек қатынастарын реттеудің жалпы қағидаларын айқындайтын, қосымша әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін белгілейтін салалық келісім туралы айтып өтті. Сондай-ақ жиын барысында кәсіподақтар тарапынан берілетін жеңілдіктер мен көмектер туралы да айтылды.
Сонымен қатар кәсіподақ заңгері К.Махамбетов әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық акт – ұжымдық шарт туралы кеңінен тоқталып, көптеген жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктерді енгізу туралы ұсыныстарды айтып, ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы бас, салалық және өңірлік келісімдерге сәйкес айқындалатынын және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, бас, салалық, өңірлік келісімдермен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын көтермелеуге болады, ал төмендетуге болмайтынын ескертті.
Басқосуда Шиелі аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасының сайлауы өтті. Кәсіподақ мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды.
Сондай-ақ жиында Ауданның экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, мемлекеттік қызметте ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Ортақшыл ауылдық округінің әкімі Жақсылық Ноғайбаев Облыстық кәсіподақтың «ЕҢБЕК ОЗАТЫ» медалімен марапатталды. Ал Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, Мүгедектер мен қарттарға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің кеңесшісі Зәуреш Әшірбекова мен Керделі ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жұмакүл Турсекеева «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрмет грамотасы, алғыс хатымен, Тартоғай ауылдық округінің әкімі Ақылбек Ахметов және Бәйгеқұм ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Мұрат Мұсабаев «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрмет грамотасымен, Еңбекші ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері Райхан Жұмабек пен Талаптан ауылдық округі әкімі аппаратының әдіскері Сәбит Төлегенов Облыстық салалық кәсіподақтың құрмет грамотасымен марапатталды.