«Кәсіподақ – бірлік пен ынтымақтың мекені»
15.12.20222022 жылдың 12 желтоқсан күні Қызылорда облысы Қазалы ауданында «Кәсіподақ – бірлік пен ынтымақтың мекені» атты семинар-кеңес өтті. Семинарға «Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева, облыстық кәсіподақ заңгері Кеңес Махамбетов, аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Мереке Табынбаева, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары, кәсіподақ мүшелері қатысты.
Облыстық филиал төрайымы С.Тұрсынбаева семинарға қатысушыларға «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалында 2022 жыл көлемінде атқарылған жұмыстармен, яғни құқықтық көмектер, оқулар, өткізілген іс-шаралар, кәсіподақ мүшелері мен оның балаларының денсаулығын сауықтыру шаралары т.б. таныстырып өтті. Семинарда кәсіподақ заңгері К.Махамбетов әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық акт – ұжымдық шарт туралы кеңінен тоқталып, көптеген жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктерді енгізу туралы ұсыныстарды айтып, ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы бас, салалық және өңірлік келісімдерге сәйкес айқындалатынын және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, бас, салалық, өңірлік келісімдермен салыстырғанда жұмыскерлердің жағдайын көтермелеуге болады, ал төмендетуге болмайтынын ескертті.Берілген сұрақтарға жауаптар берілді.
Семинарда «Қызмет» облыстық салалық кәсіподақтың «Еңбек озаты» медалімен әлеуметтік саланың дамуына өз үлесін қосқан, осы салада 30 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің мүгедектермен жұмыс секторының меңгерушісі Өмірбек Кетебай марапатталды. Сонымен қатар «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрмет грамотасымен Қазалы қаласы әкімі аппаратының бас маманы Жетербай Ешепетов, Құмжиек ауылдық округі әкімі аппаратының әдіскері Жалғас Теліш, Облыстық салалық кәсіподақтың құрмет грамотасымен Сарыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Зерхан Сүйеуова, Қызылқұм ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жарасхан Жалғасбаев, Облыстық салалық кәсіподақтың алғыс хатымен Майдакөл ауылдық округі әкімі аппаратының жұмыскері Гүлбану Өтемұратова, Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінің есепшісі Алтынбек Қали, Арықбалық ауылдық округінің бағбаны Лайық Сәндібек марапатталды.