Астанада «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» атты халықаралық форум өтті
12.12.2022ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» атты халықаралық форум өтті. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, HR саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар, Түркия, Оңтүстік Корея, БАӘ, Венгрия, Әзірбайжан және Орталық Азия елдерінің делегаттары қатысты.

Сондай-ақ, форум жұмысына «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов қатысты.
Іс-шара Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабының қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумда қазіргі заманғы сұраныстарға жауап беретін мемлекеттік аппаратты қалыптастырудағы адами ресурстар мәселелері талқыланды.
Агенттік төрағасы Дархан Қазыбаев өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар аясында мемлекеттік қызмет жүйесіне жаңа талаптар қойылатынын атап өтті. Осы кезеңде Агенттік Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде кеңінен қолданылатын мемлекеттік қызмет жүйесіне HR құралдарын енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындады. Қазіргі уақытта МҚІА мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке қасиеттерін жетілдіру жөніндегі құжатты әзірлеуде.
Сондай-ақ, Дархан Жазықбаев ағымдағы жылы мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданғанын айтып, мемлекеттік қызметтің негізгі этикалық қағидаттарына – ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адалдық, адам мүдделерінің басымдығына назар аударды.
Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметші жұртшылықпен, халықпен жұмыс істеуге, өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, адамдардың сұраныстарына сәйкес қызмет көрсетуге және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде бюрократияға, сөзбұйдаға жол бермеуге дайын болуға тиіс екенін атап өтті.
Өз кезегінде іс-шара қонақтары, шет елдерден келген делегаттар мемлекеттік қызметті дамыту тәжірибесімен бөлісті және Қазақстанның мемлекеттік қызметті жетілдіру, оның ішінде халықаралық тәжірибеге бағдарланған HR дамыту бойынша қабылдап жатқан шараларына оң баға берді.
Мемлекеттік, квазимемлекеттік, жеке секторлардың және конференцияға қатысушы елдердің жетекші сарапшылары мемлекеттік қызмет саласындағы HR дамыту мәселелеріндегі ынтымақтастық, үрдістер мен сын-тегеуріндер, мемлекеттік қызметшінің қазіргі заманғы портреті, HR-мамандарды даярлау, HR цифрлық трансформациясы және тиімді HR-құралдар туралы айтты.
Айта кетерлігі, мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институты болуға тиіс» деп атап өтті.
Форум барысында атап өтілгендей, бүгінгі таңда HR саласындағы барлық соңғы технологиялар мен білімдерді жинақтау, сондай-ақ мемлекеттік қызметке үздік және кәсіби мамандарды тарту өте маңызды.
Адами капиталды дамыту үшін заманауи талаптар мен қажеттіліктерге жауап беретін ашық, әділ, белсенді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру қажет.

