Мейірімділік мекеніне – 30 жыл

Мейірімділік мекеніне – 30 жыл

17.10.2022 Off By Администрация сайта

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының ашылғанына 30 жыл толуына орай «Мейірімділік мекені» атты мерекелік іс-шара өтті.

Орталық 1992 жылы ашылып,  2012 жылы Талсуат ауылдық округіндегі заманауи талапқа сай жабдықталған жаңа ғимаратқа көшірілген болатын. Онда қызмет алушы балалардың жеке қажеттіліктеріне қарай, олардың тұрмыстағы тыныс-тіршілігін қолдауға, денсаулығын жақсартуға,  психологиялық жай-күйін түзеуге, физиологиялық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілетін ескере отырып, білім алудағы қажеттіліктері ерекше балаларды педагогикалық түзете дамыта оқытуға, еңбекке баулуға, бос уақытын тиімді өткізуге, балалардың өмір сүру деңгейін қолдауға, заңды құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған қызмет түрлері көрсетіледі.

Мерекелік шараға Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев, «Қызмет» салалық кәсіподағының төрайымы Сәуле Сахиқызы, ардагерлер, шара қонақтары, орталық қызметкерлері қатысты.

Шарада Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының құттықтауы мен кәсіподақ сыйлығы орталық директоры Мейрамбек  Абдукаримовке, құрмет грамоталары орталық қызметкерлері Ажар Қалмырзаева мен Кенже Күзенбаеваға, «Қызмет» салалық облыстық кәсіподағының алғыс хаттары Дүйсенкүл Есжановаға, Айсұлу Аяғановаға табысталды. Сонымен қатар орталықтың ашылғанына 30 жыл толуына және әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай ұйымдастырылған шағын футболдан өткен турнир жеңімпаздарына салалық облыстық кәсіподақтан І орынға отыз мың теңге, ІІ орынға жиырма бес мың теңге, ІІІ орынға жиырма мың теңге, ынталандыру сыйлығына он мың теңге қаржылай сыйлық сертификаттары берілді.

«Мейірімділік мекені» атты мерекелік шара өте қызықты өтті. Ән мен биден шашу шашылып, күмбірлеген күй орындалды. Тыңдарман қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ұжымда  барлығы 205 жұмыскер бар, барлығы да кәсіподақ мүшелері.