Еңбек адамы бейнесінде – спорт саласының ардагері Елшиев Балғабай
18.06.2022Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, спорт саласының құрметті ардагері, зейнеткер Елшиев Балғабай Тезекбайұлы құт мекен Төлеби ауданының төл перзенті, 1955 жылы 13 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Тастақ ауылында, бұрынғы «Қайнар» колхозында дүниеге келген.
Ұлты қазақ, білімі жоғары, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Ол 1971 жылы орта мектепті үлгілі бітірген, ол білім іздеп Алматы қаласына барып, Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтына түсіп, оны 1975 жылы аяқтап, жаттықтырушы-оқытушы мамандығын алып шыққан.
Еңбек жолын 1975 жылы жоғары оқу орнының жолдамасымен Шымкент қаласындағы №32 орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі болып бастап, ол мектепте 1978 жылға дейін жұмыс істеген.
1978-1983 жылдар аралығында Шымкент дене тәрбиесі техникумында туризм және дене тәрбиесі мен спорт ойындары пәнінен жаттықтырушы-оқытушы, ал 1983-1988 жылдары аралығында Шымкент облыстық білім беру басқармасының білім саласы қызметкерлерінің дене тәрбиесі және спорт бөлімінің меңгерушісі, мектеп инспекторы, 1988-1992 жылдар аралығында Шымкент облыстық спорт комитетінің спорт бөлімінің бастығы, 1992-1994 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық туризм және дене тәрбиесі мен спорт басқармасы бастығының орынбасары, 1994-1998 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің жастар ісі, туризм және спорт басқармасы спорт бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің туризм және спорт басқармасы спорт бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің дене тәрбиесі және спорт департаменті спорт бөлімінің бастығы, 1998-2000 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің дене тәрбиесі және спорт департаменті бастығының орынбасары, 2000-2007 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының №2-ші олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің кешенді мамандандырылған спорт мектебінің директоры, 2007-2020 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры қызметтерін атқарып, 2020 жылдан зейнеткерлікке шыққан спорт ардагері, жалпы жұмыс өтілі 45 жыл.
Сонымен қызметтер атқару барысында қосымша 1998-2006 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті спорт кафедрасынының аға оқытушысы, 2006 жылдан Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетініңШымкент институтында спорт факультетінде доцент қызметін атқаруда. Жаттықтырушы ретінде мына сынды балуандарды тәрбиелеп шығарған: М.Қыпшақбаев – дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2003 жыл дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионы, 2004 жыл Азияның чемпионы, Грецияның Афина қаласында өткен XXVIII Олимпиада ойындарында 9-орын иегері; 2004 жыл Б.Дөңбай – дзюдодан халықаралық дәрежежегі спорт шебері, 2002 жыл дзюдодан Азия чемпионы, Кореяның Бусан қаласында өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2000 жыл Австралияның Сидней қаласында өткен XXVII Олимпиада ойындарында 5-орын иегері, Грецияның Афина қаласында өткен XXVIII Олимпиада ойындарының қатысушысы; 2003 жыл И.Бағлаев – дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионы, Әлем кубогының қатысушысы, 1998 жыл Тайландтағы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2000 жыл Австралияның Сидней қаласында өткен XXVII Олимпиада ойындарында 5-орын иегері.
Елшиев Балғабай Жоғары спорт шеберлігі мектебін басқарған уақытта мектеп спортшылары 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына 5 лицензия, ал 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына 7 лицензия ұтып алған. Сондай ақ, мектебінің түлегі Алла Важенина Тәуелсіз Қазақстанның абыройын халықаралық аренада асқақтатып – Олимпиада чемпионы атанды, Юрий Юрков, Рашид Юнусметов, Ольга Довгун – Азия ойындарының, әлем Кубоктарының жеңімпаздары болды. Еліміздің және қаламыздың намысын қорғаған Біржан Жақыпов пен Кайрат Ералиев – әлем чемпиондары, Базарбек Даңбай – екі олимпиаданың қатысушысы, Азия ойындарының жүлдегері.
Еңбек жолында сіңірген елеулі еңбектері үшін, 1995 жылы Қазақстан Республикасының Жастар ісі, туризм және спорт министрлігінің «Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталып, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі Туризм және спорт комитетінің «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағы, волейболдан жоғары ұлттық дәрежедегі Жоғары аттестациялық комиссия төралқасының 2000 жылғы 24 қазандағы шешімімен педагогика мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестациялық комитетінің 2004 жылғы 25 маусымдағы шешімімен «Педагогика ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесі берілген.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 3 желтоқсанындағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған және Қазақстан Республикасының спорт істері жөніндегі комитетінің 2006 жылғы 6 ақпанында №1-10/43 бұйрығымен «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» спорттық атағы берілген.
Сондай-ақ, 2006 жылдан бастап Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Халықаралық академиясының «Құрметті мүшесі».
Үлгілі отбасы, жанұясында 3 перзент тәрбиелеп өсірген өнегелі әке, бүгінде 10 немере тәрбиелеп, өсіруде.
Шымкент қаласында қырық бес жылдан астам еткен еңбектерін ескере отырып, Елшиев Балғабай Тезекбайұлының кандидатурасын «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы Атқару Комитетінің отырысында талқылап, қала әкіміне Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атағын беруге ұсынды.
Нәтижесі бойынша Балғабай Елшиевке 2022 жылғы 18 маусым күні қала әкімі Әйтенов Мұрат Дүйсенбекұлы «Шымкент қаласының құрметті азаматы» мәртебесін салтанатты түрде табыстады.