Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!
31.05.2022«Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамындағы Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымында аудан әкімі Бұхарбай Пармановтың төрағалығымен 2022 жылдың 5 маусымында өтетін Конституциялық реформаға өз үлестерін қосуға шақырып, алдын ала дайындықтарға сәйкес жиналыс ұйымдастырылды. Аталған жиынға кәсіподақ ұйымының 37 мүшесі, аудан әкімі және аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат қызметкерлері қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары, кәсіподақ ұйымының төрағасы Есімжан Байырбекұлы Заңқоев түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша ҚР Конституциясының 31 бабына түзету және 2 жаңа баппен толықтыру енгізу туралы ақпараттық – түсіндірме беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, ауданда осындай түсіндіру жұмыстары аудан тұрғындары мен мекемелердегі жұмыскерлер арасында да жүргізіліп, сайлау учаскелерін талапқа сай дайындап жатқанын айтты және Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, 5 маусым күні өткізілгелі отырған республикалық референдумға белсенді қатысып, дауыс беретініне сенім білдірді.
Жиын соңын «Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз! Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз, референдумға кел! Өзгеріске дауыс бер!» – деген ұранмен аяқталды.