2022-2024 жылдарға арналған салалық келісімге қол қойылды
19.03.2022Ағымдағы жылдың 18 наурызында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен «Қызмет» мемлекеттік, банктік мекемелер және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы арасында 2022-2024 жылдарға арналған Салалық келісімге қол қойылды.
Кездесу ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Д. М. Жазықбаев пен «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы М. Х. Жақыповтың арасында өтті.
Өткен жылы COVID-19 індетіне қарамастан, «Қызмет» салалық кәсіподағы әлеуметтік әріптестермен бірлесіп кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік-экономикалық қорғау бойынша жүйелі жұмысты тоқтатпағанын атап өткен жөн.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен «Қызмет» салалық кәсіподағы арасындағы 2022-2024 жылдарға арналған Салалық келісім негізгі ережелерді қамтиды:
– мемлекеттік қызмет саласында әлеуметтік әріптестік пен диалогты дамытудың жалпы қағидаттары;
– ұйымдардағы әлеуметтік және еңбек дауларының алдын алу және шешу шаралары;
– ұйымдар қызметкерлерінің еңбек және демалыс режимінің жалпы қағидаттары;
– ұйымдардағы еңбекақы төлеудің жалпы қағидаттары;
– жұмыспен қамту кепілдіктері, ұйымдар персоналының кәсіби даярлығы;
– ұйымдардың қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер, жеңілдіктер мен өтемақылар бойынша жалпы қағидаттар;
– ұйымдар қызметкерлерінің еңбегін қорғаудың жалпы қағидаттары;
– жастар ұйымдарымен жұмыс бағытының жалпы қағидаттары;
– кәсіподақ қызметінің кепілдіктері.
Жалпы алғанда, Салалық келісімнің ережелері әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге, әлеуметтік, еңбек және онымен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін әзірлеуге, еңбек саласындағы қызметкерлердің құқықтарына кепілдік беруге жәрдемдесуге және оларды қорғауға бағытталған.