Әлеуметтік әріптестік жылында ұжымдық шарттар саны артуда
21.02.2022Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының 2022 жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялауына байланысты, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар мекемелерде жұмыс берушілер мен кәсіподақ комитеттерінің арасында 5 жылға, яғни 2022–2026 жылдарға арналған әлеуметтік – еңбек қатынастары бойынша ұжымдық шарттар қабылдануда.
Аталған шешім 2021 жылы 29 желтоқсанда «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы Атқару Комитетінің кеңейтілген отырысында қабылданған болатын.
2022 жылдың 18 ақпанына филиал құрамындағы 43 мекемеде немесе 100% бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 5 жылға арналған жаңартылған мазмұндағы ұжымдық шарттары қабылданып, олар Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясынан тіркеуден өткен.
Оның ішінде, мерзімі қайта ұзартылғаны 40 және жаңадан қабылданғаны 3.
Атап айтқанда, 5 қала және аудан әкімдіктері, 10 қалалық департаменттер мен аумақтық басқармалар, 11 қалалық басқармалар, 14 қалалық басқармаларға қарасты мекемелер мен 3 жекеменшік мекемелер.
Оның ішінде, жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымы ашылған 3 мекемеде немесе 2 басқарма мен 1 басқармаға қарасты мекемеде жаңадан ұжымдық шарт қабылданған. Мысал ретінде, Шымкент қаласының цифрландыру басқармасын және Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін айтуға болады.
Осылай Шымкент қаласының еңбек қатынастары бойынша рейтингілік көрсеткіштерін көтеру бағытындағы жұмыстар белсенді түрде жалғасын табуда.