Әлеуметтік әріптестердің бірлескен іс-әрекетімен 12 адам жұмысқа қайта алынды

Әлеуметтік әріптестердің бірлескен іс-әрекетімен 12 адам жұмысқа қайта алынды

18.02.2022 Off By Администрация сайта

Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы кәсіподақ ұйымын құру бастамасы үшін 2021 жылдың қыркүйек айында жұмыстан шығарылған «КазПетролГрупп» мұнай компаниясының 12 қызметкерінің құқығын қорғай алды.

Жұмыс беруші мен жұмысшылардың бастамашыл топ мүшелері арасындағы сот ісі Кәсіподақтар федерациясының ерекше назарында болды.

ҚРКФ төрағасының тапсырмасы бойынша Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығының өкілдері Марат Бәйімбетов пен Майра Боранбаева облыстық еңбек инспекциясымен бірге сот процесі барысында жұмысшыларды қорғауға белсене қатысты.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар орталығының бастамасымен бұл мәселе әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның қарауына шығарылып, кәсіподақ алаңында жұмыс берушімен де бірнеше рет талқыланды.

Жуырда сот жұмыс берушінің жұмыскерлермен еңбек шартын бұзу әрекетін заңсыз деп танып, істі тоқтатты. Қызылорда қалалық сотының судьясы М.Тоғызбаева азаматтарды өз жұмыстарына қайта тұруы және мәжбүрлі бос жүрген уақыттарына жалақы төлеу туралы арыздарын қанағаттандыру туралы білікті, әділ шешім шығарды.

Сот жұмыс беруші еңбек шартын бұзғанда басшылыққа алған еңбек шартын ҚР Еңбек кодексінен 2020 жылғы 4 мамырдағы өзгерістермен алынып тасталған 50-баптың 3-тармағы бойынша бұзуы заңсыз, бұл норма азаматтардың еңбек құқығын нашарлататын норма деп таныды.

Құқықтары қорғалған жұмыскерлердің бірі Азамат Қалжанов әріптестерінің атынан әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауға атсалысқан кәсіподақтарға алғысын білдірді.

«Сот процесі біздің, яғни, 12 жұмыстан әділсіз, негізсіз босатылған жұмыскерлердің талап арыздарын толық қанағаттандырды. Әділдік жеңді. Сот төрағасының шешімімен біз жұмысымызға қайта орналастық.  Кәсіподақтардың көмегінсіз біз бұған қол жеткізе алмас едік. Біздің мұңымызды, біздің наразылығымызды тыңдап, сонау 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап, өз қолымен жетектеп, әр есіктің, әр мекеменің табалдырығын тоздыртып, мезгілсіз болса да, бос уақытының барлығын біздерге арнап көмек көрсетіп келген, әлі де көмектесуден тайынбайтын Кәсіподақтар орталығының өкілдері Марат Бәйімбетов пен Майра Боранбаеваға 12 жұмыскерден және олардың отбасынан, ағайын туыс-бауырларынан шексіз алғыс!», – дейді Азамат Қалжанов.

Айта кету керек, бастамашыл топ мүшелері алдағы уақытта кәсіподақ ұйымын құруды жоспарлап отыр. Бұл еңбек ұжымындағы жағдайдың одан әрі дамуы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бақылауында болады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы