Кәсіподақ пен мемлекеттік қызмет: даму мен қоғамға қызмет ету жолындағы диалог
19.06.2026Қостанай қаласы әкімдігінде мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің ардагері әрі салалық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының Қостанай облыстық филиалының төрайымы Гүлнар Далибайқызы Донбаева қатысты.

Кездесу барысында Гүлнар Далибайқызы мемлекеттік қызметтегі көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, облыстық салалық кәсіподақ филиалының қызметі, оның негізгі жұмыс бағыттары, өткізілетін іс-шаралары және кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған шаралар туралы кеңінен әңгімеледі.
Әлеуметтік әріптестік мәселелеріне, еңбек ұжымдарындағы кәсіподақтардың рөлін арттыруға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше назар аударылды.
Өз сөзінде облыстық филиал төрайымы қазіргі мемлекеттік қызмет мемлекеттік саясатты іске асыруды, азаматтардың құқықтарын қорғауды және қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды институт екенін атап өтті. Қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру, қоғамға қызмет ету мәдениетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды нығайту, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және жас мамандарды қолдау мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр.

Мемлекеттік қызметшілердің миссиясы туралы айта келе, Гүлнар Далибайқызы олардың қызметіндегі басты бағдар қоғам мен мемлекетке адал қызмет ету екенін атап өтті. Сондықтан кәсібилік, жауапкершілік, адалдық, ашықтық және азаматтардың мүддесі үшін еңбек етуге ұмтылыс сияқты қасиеттердің маңызы зор.
Кездесуге қатысушылар кәсіподақ жұмысы туралы жан-жақты ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еңбек қатынастары мен қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты өзекті тақырыптарды талқылады.
Кездесу сындарлы диалог пен өзара ынтымақтастық жағдайында өтіп, мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту және қоғамға қызмет ету қағидаттарын нығайту жолында кәсіподақтар мен мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.

