Анаға құрмет – қоғамға құрмет!
02.06.2026 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы көпбалалы және жалғызбасты аналар қатарындағы кәсіподақ мүшелерімен тағылымды кездесу өткізді.
Бұл күн – жай ғана мереке емес. Бұл – әр баланың бақытты балалық шағына, әр ананың еңбегі мен мейіріміне тағзым ететін ерекше күн. Сондықтан шараның басты мақсаты да бала тәрбиесінің жауапкершілігін арқалап жүрген аналарға құрмет көрсету, олардың қоғамдағы орны мен рөлін айшықтау болды.

Кездесуді филиал төрағасы Мұхтарита Мұханбетқалиқызы Сағындықова ашып, кәсіподақтың негізгі құндылықтары – адамға қамқорлық, әлеуметтік әділеттілік және еңбек адамының мүддесін қорғау қағидаттарына тоқталды. Өз сөзінде ол ұжымдық шарттардың қызметкерлер үшін беретін әлеуметтік кепілдіктері, кәсіподақ мүшелігінің артықшылықтары және қиын кезеңдерде кәсіподақтың қолдауының маңызы туралы кеңінен әңгімеледі.

Жалпы кәсіподақ жұмысының басты мақсаты тек еңбек құқықтарын қорғаумен шектелмейді. Ол – әрбір мүшенің әлеуметтік жағдайына назар аудару, қажет кезінде қолдау көрсету, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге атсалысу. Осы ұстаным кездесу барысында да кеңінен көрініс тапты.
Шараға Ақтөбе облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Маржан Нағашыбекқызы Қорғанбаева қатысып, отбасы институтын нығайту, ана мен балаға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары, сондай-ақ Отбасын қолдау орталығының қызметі туралы жан-жақты ақпарат берді. Кездесу барысында өмірлік қиын жағдайларға тап болған азаматтарға көрсетілетін психологиялық және әлеуметтік көмектер жөнінде түсіндірме жасап, кәсіби мамандардың көмегіне жүгінудің маңыздылығына тоқталды.
Айта кету керек, аталған комиссия құрамында филиал төрағасы Мұхтарита Мұханбетқалиқызы Сағындықова да мүшелік етеді. Бұл кәсіподақтың өңірдегі отбасы құндылықтарын нығайтуға, әйелдер мен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстарға белсенді түрде атсалысып келе жатқанын көрсетеді.
Жылы жүздесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Әңгіме барысында ананың қоғамдағы орны, отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі мен әлеуметтік қолдау мәселелері кеңінен қозғалды.
Кездесу соңында мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында қатысушыларға «Балалар әлемі» дүкендер желісінің атаулы сыйлық карталары табысталды. Бұл аналардың өз балаларының қажеттілігі мен қызығушылығына қарай тауарды өз таңдауы бойынша алуына мүмкіндік беретін кәсіподақ тарапынан көрсетілген ерекше ілтипат болды. Ана мейірімі – әлемді жылытатын ең үлкен күш. Ал сол мейірімді сақтап, бағалай білу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
«Қызмет» салалық кәсіподағы алдағы уақытта да кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, отбасы құндылықтарын насихаттауға және адам капиталының дамуына бағытталған игі бастамаларды жалғастыра береді.

