Петропавл қаласында Есім Шәйкіұлы Шайкиннің 100 жылдығына арналған ашық облыстық турнир өтті
17.04.202615 сәуір күні Петропавл қаласындағы «BEREKE» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Есім Шәйкіұлы Шайкиннің 100 жылдығына арналған қазақ күресінен ашық облыстық турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өтті.
Жиынның ашылуы алдында құрметті ардагер – Тілек Айтымұлы Әбдірахманов ақ батасын беріп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Салтанатты ашылу барысында құттықтау сөзі Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы – Қарлығаш Асетқызы Рамазановаға берілді. Сондай-ақ жарыс қатысушыларын Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары – Эльдар Сапарұлы Шүмеков құттықтады.

Тілек білдіру үшін Қазақстан ардагер спортшылар одағының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры, қазақ күресінен облыстағы тұңғыш спорт шебері Бауыржан Ниязұлы Күлжанов сөз сөйледі.
Сонымен қатар, отбасы атынан құттықтау сөз Есім Шәйкіұлы Шайкиннің ұлы Нұрлан Есімұлы Шайкинге берілді.
Салтанатты ашылу рәсіміне ардагерлер, спорт саласының өкілдері мен құрметті қонақтар қатысып, қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді. Шара аясында мәдени бағдарлама ұсынылып, ұлттық спорттың тәрбиелік және рухани маңызы кеңінен атап өтілді.

Аталған спорттық жарыс Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы облыстық филиалының бастамасымен өткізіліп, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жамбыл және Шал ақын аудандары әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асырылды. Турнирге демеушілік жасағандар қатарында Есім Шәйкіұлының ұрпақтары, сондай-ақ Жамбыл және Шал ақын аудандарының кәсіпкерлері мен тауар өндірушілері бар.

Дәстүрлі қазақ күресін насихаттауға бағытталған жарысқа облыстың барлық аудандарынан, Петропавл және Көкшетау қалаларынан келген спортшылар қатысты. Турнир барысында палуандар өзара бақ сынасып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.



80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде:
І орын – Дмитрий Динер (Қызылжар ауданы)
ІІ орын – Батырхан Қайырбек (Шал ақын ауданы),
ІІІ орын – Жігер Еркінұлы (Есіл ауданы).
80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде:
І орын – Әділет Мурзаш (Қызылжар ауданы)
ІІ орын – Әділ Қайыров (Шал ақын ауданы)
ІІІ орын – Қанат Өмірзақов (Шал ақын ауданы).

Іс-шара соңында Есім Шәйкіұлы Шайкиннің ұлы Нұрлан Есімұлы сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдірді. Ол мұндай турнирлердің жас ұрпақты тәрбиелеудегі, ұлттық спортты дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Аталған турнир ұлт руханиятын дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттауға және көрнекті тұлғаның есімін ұлықтауға бағытталған маңызды спорттық шаралардың бірі болды.
