«Келешек» жастар кеңесінің мүшесі кәсіподақ төрағасы болып сайланды
14.04.2026Ақтөбе облысында жас буынды қолдау және кәсіподақ қозғалысына жастарды тарту бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Соның жарқын дәлелі — «Келешек» жастар кеңесінің мүшесі Айтқалиев Нұрлан Айсаұлының жаңа жауапты қызметке сайлануы. Бұл — кәсіподақ қозғалысында жас буынның жаңа кезеңі басталғанын көрсететін маңызды шешім. Өйткені жастардың белсенділігі мен жаңашыл көзқарасы кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.
Ойыл ауданында өткен «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облысы Ойыл аудандық комитетінің есеп беру сайлау жиналысында «Ойыл ауданы әкімінің аппараты» ММ нің бөлім басшысы Айтқалиев Нұрлан Айсаұлы аудандық комитеттің жаңа төрағасы болып сайланды.
Нұрлан Айсаұлының кәсіподақ төрағасы болып сайлануы — жастарға көрсетілген сенімнің айқын көрінісі. Бұл шешім кәсіподақ қозғалысында жас буынның рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Ол өңірдегі белсенді жастардың бірі, «Келешек» жастар кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, кәсіподақ қозғалысының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Жаңа төраға өз сөзінде кәсіподақ қозғалысын дамыту, жастардың белсенділігін арттыру және еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізетінін атап өтті.
Жиында облыстық филиал төрағасы Мухтарита Муханбетқалиқызы Сағындықова жастарға үлкен үміт артылып отырғанын , жас буынның тың идеялары кәсіподақ қозғалысына жаңа серпін беретінін жеткізді.
«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе ОФ Нұрлан Айсаұлын кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауда сәттілік тілейді.

