Медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
20.06.2025Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл күн дертке дауа, жанға саулық сыйлайтын ардақты мамандық иелерінің кәсіби мерекесі. Бұл мереке медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбектерінің қаншалықты маңызды және баға жетпес екенін көрсетеді.

Медицина қызметкерлерінің күніне орай 2025 жылдың 16 маусым күні Қызылорда облыстық Полиция департаментінің мәжіліс залында салтанатты шара өтті. Қызылорда облысы Полиция департаментінің басшысы Серік Ергешов «Қызмет» салалық кәсіподағының «Өз ісінің маманы» медалін Полиция департаменті емханасының мейіргері Раушан Түлкібаеваға, облыстық салалық кәсіподақтың құрмет грамотасын емхана қызметкерлері Жеңіс Абдукадыроваға, Индира Каюповаға және Рыскүл Абайдуллаеваға табыстады.

Сондай-ақ «Қызмет» салалық облыстық кәсіподағының құрмет грамотасымен «Белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдардың уақытша болуына арналған бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің психологы Назгүл Тлеген марапатталды. Назгүл Есбергенқызы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын білікті маман, адал еңбеккер ұжым арасында құрметке ие.
Марапаттарыңыз құтты болсын!



