«Қызмет» кәсіподағы кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасыларына мәдени шаралар ұйымдастырды
13.06.2025Кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған іс-шаралар аясында Салалық кәсіподақ «Қызмет» пен оның Астана қаласындағы филиалы бірқатар маңызды мәдени шараларды жүзеге асырды.
Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай кәсіподақ «ХороШоу» атты мерекелік цирк бағдарламасына билеттер алып, жас көрермендерге жарқын эмоциялар мен ұмытылмас әсер сыйлады. Әуе гимнасттары, акробаттар, шебер жонглёрлер мен өзге де өнерпаздар балаларды әсерлі қойылымдарымен қуантты.


«Осындай керемет мерекеде балаларымызбен бірге болуға мүмкіндік бергені үшін «Қызмет» кәсіподағына алғысымызды білдіреміз. Балалар шаттыққа, күлкі мен таңданысқа толы әсер алды», – деп бөлісті шараға қатысқан кәсіподақ мүшелері.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер күні
қарсаңында мемлекеттік қызметкерлерге Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық
аспаптары оркестрінің 90 жылдық мерейтойына арналған концертке билеттер
ұсынылды.
Аталған концерт 2025 жылдың 11 маусымында Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік
академиялық филармонияның концерт залында өтті.

Концерттік бағдарлама екі бөлімнен тұрды: алғашқы бөлімде – Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Нұрғиса Тілендиев, Кеңес Ахмедияров сынды қазақтың дәстүрлі күйші-композиторларының шығармалары орындалса, екінші бөлімде – қазіргі заманғы музыкалық туындылар мен әлемдік классиканың таңдаулы үлгілері ұсынылды. Бұл қойылымдар қазақ дәстүрі мен заманауи музыканың үйлесімділігін айқын көрсетті.

Бұл кеш кәсіподақ мүшелері мен мемлекеттік қызметшілер үшін күй өнерінің терең мәнін сезінуге, қазақ музыкасының ұлы мұрасымен қайта қауышуға мүмкіндік берген рухани әсерге толы мәдени оқиға болды.

