Оңалту орталығында мерекелік шара өтті

Оңалту орталығында мерекелік шара өтті

01.11.2024 Off By Администрация сайта

2011 жылы қазан айының соңғы жексенбісі «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» болып бекітіліп, жыл сайын әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтуде.

Әлеуметтік сала – ең күрделі салалардың бірі. Азаматтарға қамқорлық көрсететін құрылымның қызметіне қашанда  сұранысқа ие әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі аса ауқымды. Өйткені олар мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетіп,  жанашырлық танытып, өз қызметтерін адалдықпен атқарып, дер кезінде көмек беруге барынша күш жұмсап келеді.

31 қазан 2024 жылы Оңалту орталығында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік шара өтті.

Кәсіби мерекеге орай ұжымның үздік мамандары марапатталып, құрмет көрсетілді. Оның ішінде «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының «Еңбек озаты» медалімен орталықтың аға аяжаны Гүлзат Бисембаева марапатталса, «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрмет грамотасымен Анар Жүсіпбекова және  «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалының алғыс хатымен Ғалымжан Абдраманов пен Минур Жорықбаева марапатталды. 

Мерекелік шарада орталық өнерпаздары әннен жыр шашып, би билеп, қызметкерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.