19 қазан – Құтқарушылар күні!
19.10.2024Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсетеді. Құтқарушылар төтенше жағдайларды жою жұмыстарына қатысуға дайын болу үшін арнайы, медициналық, психологиялық әзірлігін, авариялық-құтқару құрылымдарының құрамындағы қызмет дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады. Осындай жауапкершілікті көтеріп қана қоймай, өз өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, елімізге адал қызмет ететін құтқарушыларды төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Кәсіби мереке аясында Алматы қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы төрайымы Данагүл Айнақұлова «ҚР Төтенше жағдайлар Министірлігінің Республикалық жедел құтқару жасағы» мекемесіне барып, барша құтқарушыларды құттықтады. Салалық кәсіподақтың маратпаттарымен автокөліктерге, жүзу құралдары мен жабдықтарына техникалық қызмет көрсету бөлімінің бас құтқарушысы Абидинов Сұлтанғали Аманжолұлын «Өз ісінің маманы» медалімен, құтқару бөлімінің бас құтқарушысы Воскобойников Павел Леонидовичті «Өз ісінің маманы» медалімен, кинология бөлімшесінің бас құтқарушы маманы Ефремова Любовь Викторовнаны және сүңгуір құтқару бөлімшесінің бас құтқарушы маманы Байдекенов Дархан Азаматұлын «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Ал кәсіподақпен ұдайы, жемісті еңбегі үшін «Үздік әлеуметтік әріптес» медалі Цой Владимир Константиновичке табысталды.
Адам өмірін құтқару – құрмет пен алғысқа лайық қауіпті, бірақ асыл ерлік. Сіздерді тағыда төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз!