Астанада еңбекші жастар форумы өтті

Астанада еңбекші жастар форумы өтті

10.10.2024 Off By Администрация сайта

2024 жылдың Қазан айының 8-9 күндері Кәсіподақтар күніне орай, Астана қаласында «Еңбек эволюциясы: Климат. Құзіреттілік. Код» атты Халықаралық жұмысшы мамандықтардың жастар форумы өтті. Форумға Республиканың түкпір-түкпірінен өз қызметтерімен қатар Кәсіподақ қозғалысына да белсене атсалысып жүрген жас мамандар жиналды.
«Қызмет» Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық Кәсіподағы атынан форумға Батыс Қазақстан облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ мүшесі Муханбеткалиева Алуа Мерекеевна қатысты.


Форумның алғашқы күні еліміздің әр түкпірінен келген қатысушылар өзара танысып ойларын ортаға салуы үшін КУИЗ интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Дәулеталин Сатыбалды Телағысұлымен бейресми кездесу өтті.


Қазан айының 8 күні форумның пленарлық отырысы өтті. Онда ҚР КФ төрағасы Дәулеталин Сатыбалды, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Сарбасов Ақмәди, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Кочетов Евгений, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Смышляева Екатерина сонымен қатар, өзге мемлекеттік және жастар ұйымдарының төрағалары қатысты. Пленарлық отырыс нәтижесінде форум резолюциясы қабылданды.
9 қазан күні форум қатысушыларының қабілеттерін шыңдап, эффективті еңбек етуіне қажет бағыттар-жасанды интеллект пен PR және SMM бойынша оқыту өткізілді. Нәтижесінде үздік қатысушылар мен спикерлер алғыс хат пен сертификаттарға ие болды.
Бүгінде Кәсіподақ жастары еліміздің әр саласында қызмет етіп, тың идеялары мен нәтижелі жұмысының арқасында ел экономикасы мен өркениетінің дамуына атсалысуда. Аталған форум соның айқын көрінісі болып, жастар арасында нетворкинг алаңына айналды. Еңбекші жастарға серпіліс беріп, өз мамандығына құрметін арттырып, кәсіподақ қозғалысының дамуына атсалысуға мүмкіндік берді. Осы бағыттағы еңбек адамының жаңа қырларын ашып, қабілеттерін шыңдайтын шаралар әрі қарай жалғасын таппақ.