Елордалық филиал кәсіподақ қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді
04.10.2024
Қазақстан Кәсіподақтар күні мен Дүниежүзілік тұрғын үй күнін мерекелеу аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Астана қаласы бойынша филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымына барды.
Басқарма басшысы Әнуар Саиповты және бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерін мерекемен құттықтаған Атақозы Нұрланов: «Қызмет» кәсіподағы атынан Сізге кәсіподақ жұмысына белсене қатысқаныңыз үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Дәл осы күндері Дүниежүзілік тұрғын үй күні (Хабибат) атап өтілуінің символдық мәні бар.Тұрғын үй және тұрмыстық жағдайдағы проблемалар кез келген мемлекеттің саяси және экономикалық өміріндегі ең өткір мәселелердің бірі болып табылады. Елімізде жыл өткен сайын жағдай жақсы жаққа өзгеруде – жаңа үйлер салынып, жаңа жерлер игеріліп, сүйікті елордамыздың инфрақұрылымы жақсаруда! Жоғары кәсібилікті, зор жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға байланысты Сіздің қажырлы еңбегіңіз үшін ерекше ризашылығымды білдіргім келеді деп атап өтті».
Сондай-ақ, басқарманың бірқатар қызметкерлеріне құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді. Атақозы Нұрланов ұжымға алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге, жемісті, мол және табысты еңбек етуге, денсаулық, бақыт және әрбір отбасына бақ-береке тіледі.
Бұдан басқа Астана қаласы бойынша салалық кәсіподақ филиалы Атқару комитетінің атынан 20% жеңілдік сертификаттары мен естелік сыйлық табыс етілді.