Қызылордада еңбек адамдары ұлықталды

Қызылордада еңбек адамдары ұлықталды

01.10.2024 Off By Администрация сайта


Қызылордада Еңбек күні мерекесіне орай «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев және еңбек адамдары, кәсіподақ белсенділері қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта әр түрлі салаларда ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп жүрген еңбек адамдарын айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Бұл мереке – адал еңбегімен, маңдай терімен ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан сіздерге деген құрметтің көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда, халыққа арнаған Жолдауларында кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы, еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс екендігін әрдайым айтып келеді. Биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Алдағы уақытта техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы арта түсері сөзсіз. Өйткені, экономиканы өркендетуге білікті мамандар қажет. Аймақтың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін мамандықтар атласы әзірленуде», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мерекелік іс-шарада Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қорғанбек Қайруллаев, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев еңбек адамдарын мерекемен құттықтады.

Мерекелік жиында көп жылдар бойы еңбек етіп ерекшеленген бірқатар мамандарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай сыйлықтар, шипажайға жолдамалар табысталды. Еңбек күнінде марапат төріне шыққандар қатарында Қызмет» салалық кәсіподағының мүшесі, №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының слезарь-сантехнигі Бұқарбаев Сейтқасым Мүсірәліұлы облыс әкімінің атынан Алғыс хатпен марапатталып, кәсіподақ атынан шипажайға жолдама табысталды.

Сейтқасым Бұхарбаев Мүсірәліұлы – өз ісін жетік білетін, тәжірибелі маман. Жауапты, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, жас мамандарға көмектесіп отырады.

Орталықтың жаңа ғимаратта өз жұмысын бастаған сәттен бастап, бүгінге күнге дейін сапалы жұмыс жасап, дамуына, көркейіп, гүлденуіне өзіндік үлесін қосып, қажырлы еңбегімен ел алғысына бөленген Сейтқасым Мүсірәліұлына  зор денсаулық, амандық, еңбегіне табыс пен береке тілейміз.