Қарағанды облысында есеп беру-сайлау конференциясы өткізілді!

Қарағанды облысында есеп беру-сайлау конференциясы өткізілді!

25.09.2024 Off By Администрация сайта

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Қарағанды облысының кәсіподақтар үйінде «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов және «Қызмет» салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Атақозы Нұрлановтың қатысуымен «Қызмет» салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының ІІІ есептік-сайлау конференциясы өтті.


Конференция жұмысына «Қарағанды облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Болат Жұмабеков, Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мемлекеттік қызмет ардагері Ғабит Тұяқов, «Қарағанды облысы әкімінің аппараты» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясының үйлестірушісі Мадина Альбазарова, 34 делегат, кәсіподақтың әлеуметтік серіктестері және шақырылғандар қатысып, сөз сөйледі.
Мирболат Жақыпов конференция делегаттарына құттықтау сөзінде Мемлекет басшысының 02.09.2024 ж. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының әлеуметтік бағыты мен маңыздылығын атап өтті және әр түрлі қызмет салаларының қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерінің мүдделері үшін «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының көпвекторлы қызметіне, кәсіподақ жетістіктеріне тоқталды. «Бүгінгі күні біз «Қызмет» салалық кәсіподағының 100 мыңнан астам мүшесінің әлеуметтік-еңбек мүдделерін қорғаймыз, бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен, әлеуметтік әріптестермен әрдайым тығыз қарым-қатынаста әрекет етеміз және алдымызда кезекті XII съезге дайындық жүргізу жөніндегі ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Осы жылдар ішінде біз кәсіподақ жұмысын жетілдіру, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына өзгерту және толықтыру ұсыныстарын енгізу, «Қызмет» кәсіподағының тартымдылығын күшейту және беделін арттыру жөнінде мақсатты жұмыс жүргізіп келеміз. Біздің қызметіміздің басты бағыттары – еңбек ұжымдарында корпоративтік рухты нығайту, кәсіподақ тарапының ұсыныстарын ескере отырып, ұжымдық келісімшарттар жасасу, мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен кәсіподақ арасындағы тиімді әлеуметтік диалогты қолдау, құқықтары мен мүдделерін қорғау, азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру және қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін жүйелі сауықтыру, еңбек саласындағы халықаралық стандарттарды ілгерілету», – деп атап өтті Мирболат Жақыпов.

«Қызмет» салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Татьяна Шатохина 2022 жылдан 2024 жылғы І жартыжылдық аралығында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол кәсіподақ жұмысының әлеуметтік өзекті бағыттарын, лайықты жағдайлар мен еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік әріптестік аясындағы бірлескен жұмысты, Қарағанды облысының кәсіподақ орталығы жанындағы заң клиникасының филиалында құқықтық кеңес беруді және қызметкерлерге көмек көрсетуді, Қарағанды облысының кәсіподақ орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің жастар бастамаларын практикалық түрде жүзеге асырылуына қатысу, «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалының мемлекеттік және азаматтық сектор қызметкерлерінің еңбек мүдделерін әлеуметтік қолдау және қорғау жөніндегі бастамалары мен қабылданатын шараларын атап көрсетті.

Конференция делегаттары филиал жұмысының қорытындыларын талқылауға белсене қатысты, жағымды жақтарын атап өтті және кәсіподақтың одан арғы жұмысы бойынша ұсыныстар берді. Есеп беру-сайлау конференциясы барысында «Қызмет» салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының тексеру комиссиясының төрағасы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, «Қарағанды қаласының экономика және қаржы бөлімі» ММ басшысының орынбасары Айгүл Кубелекова; кәсіподақ қозғалысының ардагері Алтыбай Ибраев; «Қарағанды облысы әкімінің аппараты» ММ экономикалық даму, әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешен, тіршілікті қамтамасыз ету, өнеркәсіп және ТЖ бөлімінің бас инспекторы, кәсіподақ комитетінің мүшесі Александра Титаренко; Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бас маманы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Сымбат Амангелдиновалар сөз сөйледі.

Жалпы, филиалдың жұмысы қанағаттанарлық деп танылды. Одан әрі қатысушылар «Қызмет» салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасын сайлау туралы мәселеге көшті. «Қызмет» салалық кәсіподағының Жарғысына сәйкес филиал төрағасының кандидатурасын салалық кәсіподақтың төрағасы ұсынады.
Жақыпов Мирболат Хабиұлы сайланбалы лауазымға Татьяна Шатохинаның кандидатурасы ұсынылатынын жариялады. Татьяна Шатохинаның мемлекеттік қызметтегі басшылық және қоғамдық жұмыстарда айтарлықтай тәжірибесінің бар екені, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау жүйесінде жұмыс істегені атап өтілді. Қазіргі уақытта Қарағанды облысының кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бас кеңесінің мүшесі, ҚРФ жанындағы еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссияның тете төрағасы, Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Қарағанды облыстық үшжақты комиссиясы жұмыс тобының мүшесі болып табылады.
Есеп беру-сайлау конференциясының делегаттары Мирболат Хабиұлы Жақыповтың ұсынысын қолдап, ашық дауыс беру арқылы Татьяна Николаевна Шатохинаны «Қызмет» салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы деп сайлады.
Облыстық есеп беру-сайлау конференциясында облыстық филиалдың атқарушы комитетінің мүшелері мен тексеру комиссиясының құрамы сайланды. Тексеру комиссиясының төрағасы болып Айгүл Кубелекова сайланды. Сонымен қатар, Қарағанды облыстық филиалынан съездің екі делегаты сайланды. Конференция делегаттары салалық кәсіподақтың XII съезіне, «Қызмет» Салалық кәсіподақ төрағасы лауазымына Мирболат Хабиұлы Жақыповтың кандидатурасын ұсыну туралы шешім қабылдады.
Конференция кәсіподақ ынтымақтастығы мен бірлік атмосферасында өтті.

Мирболат Жақыпов Қазақстан Республикасының Еңбек күні және Кәсіподақтар күні қарсаңында кәсіподақ қозғалысының өкілдерін жылы лебізімен құттықтап, алғысын білдірді. Сонымен қатар «ҚЫЗМЕТ» кәсіподақ қызметін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін қызметкерлерді марапаттау салтанатты өткізіліп, кәсіподақ қызметінің келесі мүшелері атап өтілді:
– Зәуреш Жойкімбекова ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» медалімен марапатталды;
– Берік Есенов «ҚЫЗМЕТ» салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметшілер кәсіподағының үздігі төсбелгісімен марапатталды;
«ҚЫЗМЕТ» салалық кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталғандар: Петр Мартыненко, Маржан Әбдіхаева, Тоғжан Баймағамбетова, Вера Шестакова, Фарида Шүлембаева, Амина Бажикова, Баян Тұрсынтай.
Кәсіподақ мүшесі, Шет аудандық ветеринариялық станциясының техникалық қызметкері, көп балалы ана Кенжетай Мусатаеваның еңбегі 50 мың теңгеге айрықша сертификатпен көтермеленді.
Облыстық конференцияға қатысушылардың рухани эстетикалық көңіл – күйін дарынды саксофоншы, республикалық конкурстардың лауреаты Сергей Дегтярев көтерді.
«ҚЫЗМЕТ» салалық кәсіподақ облыстық филиалының конференциясы өтетін күні Мирболат Жақыпов Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесті.

Кездесу барысында мемлекеттік және азаматтық қызметшілер кәсіподағымен әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты. Мирболат Жақыпов өңір басшысына еңбек адамдарының, оның ішінде мемлекеттік және азаматтық сектор өкілдерінің игілігі үшін кәсіподақ қозғалысын әлеуметтік қолдағаны және пәрменді әлеуметтік әріптестігі үшін алғысын білдірді.