Балаларға арналған саяхат туры ұйымдастырылды
13.06.2024Балалардың жазғы демалыс уақытында «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалы «Сығанақ.Сауран.Түркістан» атты тарихи-танымдық саяхат турын ұйымдастырды. Саяхатқа 49 бала және 23 ата-ана қатысты.
Саяхат алдымен Сыр еліндегі тарихи мәні терең көне қалалардың бірі – Сығанақпен танысудан басталды. Қызылорда облысы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген ескерткіштердің бірі – Сығанақ қаласы кезінде Ақ Орданың, Қыпшақтар мен Қазақ хандығының астанасы болған.
Сығанақ қалашығында тарих қойнауына саяхат жасап, қазақ тарихынан ақпарат алған балалар Сауран қалашығына қарай бет бұрды. Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланып, Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қала. Балалардың қызықтырған сұрақтарына саяхатта гид әрі экскурсовод болған Эльзира Сагитжанова жауап беріп, тарихтан сыр шертті.
Ал Түркістан қаласында балалар мен ата-аналар Қожа Ахмет Яссауи кесенесін, жер асты қылуетін, шығыс моншасын, Хандар алаңын көріп, С.Ерубаев мұражайымен, «Ұлы дала елі» мұражайымен танысып, «Түркі әлемі» голографикалық шоуды тамашалады. Саяхаттаушылар электрокарамен (электромобильді машинамен) Түркістанның көрікті жерлерін және Керуен сарайды аралап, экскурсия жасады. «Гүлдер» саябағының іргесінен ашылған шәйнек үлгісіндегі субұрқақ пен биші субұрқақтарды қызықтады. Экскурсия соңында «Қыз Жібек» қойылымын көріп керемет көңіл-күймен қайтты.
Саяхаттаушы балалар да, ата-аналар да ризашылықтарын білдірді.