Саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етілді!
31.05.2024«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының басшылығы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде Ақтөбе қаласынан 30 шақырым жерде Түйетөбе деп аталатын жерде орналасқан ескерткіш-белгіге арнайы барып, қаралы күнге арналып ұйымдастырылған шараға қатысты.
Шараға облыстың қоғамдық ұйымдары, саяси партиялары өкілдері, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, қала тұрғындары қатысты.
Шара құрбандарды 1 минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды, кейін облыстық бас имамы Серікжан Еншібайұлы марқұмдардың рухына құран бағыштады және жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
30-шы жылдары Ақтөбе өңірінде 8 мыңнан астам адам репрессияға ұшыраса, оның 2 мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Көптеген азаматтар осы Түйетөбе маңында атылып, денелері көмусіз шұңқырларға тасталған. Бұл жер құпияда ұсталған. Тек 1987 жылы ғана осы маңнан адам сүйектері табылып, олардың бас сүйектерінің желке тұстарында оқ іздерінің бар екендігі анықталып, нақты мән-жайлар ашылған.
Жыл сайын 31 мамырда құрбандарды еске алушылардың Түйетөбе маңында жиналып, өлі әруақтарға құран бағыштап, еске алып, сол кездегі саяси билікке қарсы шығып, Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін бас көтерген арыстарға тағзым етуі дәстүрге айналды.