Еңбеккер бейнесі. Мемлекетке қызмет еткеннің мерейі үстем
04.05.2024Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» – деген мазмұны терең сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жоймай, мәні арта түсуде. Әділдік, қарапайымдылық, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, адалдық және парасаттылық, белсенді өмірлік ұстаным…міне осы қасиеттерді бойына сіңірген Айдосова Аягөз Нұржанқызы елге адал қызметімен абыройлы, құрметті.
Аягөз Нұржанқызы 1963 жылы дүниеге келген, білімі жоғары. 35 жыл жалпы еңбек өтілінің ішінде 30 жылы мемлекеттік қызметке арнаған.
Еңбек жолын 1988 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының орталығындағы №163 орта мектептің мұғалімі болудан бастап, 1991-1992 жылдары аудандық білім бөлімінің әдіскері, 1992-1993 жылдары Халық депутаттары аудандық кеңесінің іс-қағаздарын жүргізушісі, 1993-1994 жылдары Халық депутаттары аудандық кеңесінің аға инспекторы, 1994-1999 жылдары Жаңақорған аудандық мәслихаттың бас маманы, 1999-2004 жылдары аудандық мәслихат аппаратының бас маманы, 2004 жылы аудан әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, 2005-2012 жылдары аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2012 жылдың шілде айынан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, 2021 жылдың маусым айынан бастап аудандық жұмыспен қамту,әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарып, 2024 жылдан бастап зейнетке шықты.
Атқарған адал еңбегі бағаланып, ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «Алғыс хатымен», бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен, облыстық басқармалардың, облыстық әйелдер кеңесінің алғыс хаттарымен және «Жаңақорған ауданының 95- жылдық» медалімен марапатталды, сонымен қатар осы жылдың 10 қаңтар күні аудан активінің жиынында Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тлеумбетов «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының «Еңбек озаты» медалін Аягөз Айдосоваға табыстады.