Еңбекті  қорғау  мәдениетін  нығайту қажет

Еңбекті қорғау мәдениетін нығайту қажет

04.05.2024 Off By Администрация сайта

«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-нің Түркістан облыстық филиалының активі 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өтті. Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) ұсынысы бойынша белгіленген бұл күн еңбекті қорғау мәдениетін көтеру шараларының бірі ретінде жыл сайын аталып өтуде.

Бұл күннің басты мақсаты- еңбекті қорғаудағы шешілмеген мәселелерге бүкіл әлемдік қауымдастықтың назарын аудару болып табылады.

Қазақстан Республикасы Халықаралық Еңбек Ұйымының мүшесі ретінде бүкіл әлемдік қауымдастық сыйяқты осы әлеуметтік мәселелерге немқұрайлы қарамай, жұмыс орындарында салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және еңбекті қорғау мәдениетін арттырудың маңыздылығына мән беріп келеді.

Облыстық филиалдың төрайымы К.А.Есебаева атаулы күннің мәліметтеріне сүйене отырып, еңбекті қорғауға бағытталған іс -шараларды кеңінен насихаттау және еңбекті қорғау жолында жүктеген міндеттермен жауапкершіліктерді жүзеге асыру жұмысы күн тәртібінен түспейтінін айтты.

Жиында кәсіподақ көшбасшылары М.Асқаров, Қ.Хаметов, Ш.Ешанқұлов еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы өздерінің іс тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтып, пікір алмасты.