«Қызметтегі арулар» атты кеш ұйымдастырылды
18.03.2024«Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалы мен облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы бірлесіп 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай кәсіподақ мүшелері арасында «Қызметтегі арулар» бейнеконкурсын өткізген болатын. Бүгін сол конкурстың қорытындысын шығаруға арналған кеш ұйымдастырылды.
Конкурстың мақсаты кәсіподақ мүшесінің қызмет бабы мен отбасы құндылықтарын қатар алып жүргендігін насихаттау, сонымен қатар сұлулық, нәзіктік сияқты әйелдерге ғана тән қасиеттерді де ұмытпайтындығын көрсету болды.
Конкурсқа облыс бойынша 11 жұмыс түсіп, комиссия қарауына ұсынылды. Барлық жұмыстар өте сапалы әзірленген, қатысушылар әйелдердің қызмет пен отбасын қатар алып жүруін барынша шынайы көрсеткен.
Комиссия шешімімен 1-ші жүлделі орынды облыс әкімінің баспасөз хатшысы Көбеева Гүлбағда Қайратқызы, 2-ші жүлделі орынды Ырғыз аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерік Жанат Нұрболқызы, 3-ші жүлделі орынды Шалқар аудандық «Мансап» орталығының маманы Алданышева Мейрамгүл Бисенқызы ұтып алды. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қалған қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар табысталды.
Сонымен қатар, кеш барысында республикалық «АруАна» конкурсына облыстық деңгейде қатысқан конкурсанттарға облыс әкімі орынбасарының алғыстары табысталды.
Кеш өте мазмұнды өтті, аналар мейрамына арналған шарада облысқа танымал өнерпаздар әнтартуларын ұсынып, кештің мерекелік көңіл-күйде өтуіне атсалысты.
Түрлі салаларда басшылық лауазымдарда қызмет етіп жүрген облыстық филиалдың сенімді әлеуметтік әріптестері мен аудандық кәсіподақ комитеттерінің төрайымдарына алғыс жарияланып, бірлескен нәтижелі жұмыстарына сенім білдірілді.
Ардақты аналар, ханымдар, әріптестер! Сіздерге осынау мерейлі мереке тек қана игі жақсылықтар әкелсін. Деңдеріңізге саулық, бала-шағаларыңызға амандық тілейміз. Жүздеріңізден күлкі қуаныш пен шаттықтың нұры кетпесін. Еңбектеріңіз табысты болып, шаңырақтарыңызға құт-береке дарысын! Аспанымыз ашық, мемлекетіміздің іргесі берік болсын.