«Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының Атқару Комитетінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті

«Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының Атқару Комитетінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті

02.02.2024 Off By Администрация сайта

2024 жылғы 31 қаңтар күні Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының Атқару Комитетінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті.
Күн тәртібінде: Шымкент қалалық комитетінің 2023 жылы атқарған жұмыстарының қорытынды есебі туралы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша кәсіподақ жарнасының түсуі және оның жұмсалуы бойынша тексеру комиссиясының есебі туралы, 2024 жылға арналған штаттық кестені бекіту туралы, 2024 жылға арналған қаржы сметасын бекіту туралы, 2024 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы, ұйымдастыру мәселелері қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.

Атап айтқанда, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов 2023 жылы атқарған жұмыстарының қорытынды есебін лэд экран арқылы дайындалған көрнекі ролигін көрсетіп, слайд бойынша 2020-2023 жылдардағы атқарылған жұмыстарының салыстырмалы көрсеткіштерін баяндап, едәуір нәтижелерге қол жеткізгеніне және алдағы 2024 жылға қойылған міндеттерге тоқталды. Осы сияқты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына өз ұжымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің алдында 2023 жылы атқарған жұмыстарының есебін беру міндеттелді.
Атқарылған жұмыстардың есебінде: «Кәсіподақтың ең негізгі жұмысы – бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашу» болып саналатыны айтылып, осыған байланысты «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалымен мекемелерден кәсіподақ ұйымдарын ашу және олардағы қызметкерлер мен жұмыскерлерді кәсіподақ мүшелігіне тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің нәтижесінде 2023 жылы жалпы 17 мекемеден кәсіподақ ұйымы ашылып, оған жалпы 1188 адам кәсіподақ мүшелігіне тартылған.
Жалпы 2020-2023 жылдар аралығында 53 мекемеден бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ашып, оған жалпы 2965 адамды кәсіподақ мүшелігіне тартқан. Сөйтіп, филиал құрамындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 63-ке, ал кәсіподақ мүшелерінің саны 3782-ге жеткен.
Кәсіподақтардың рөлі мен қызметі – еңбек қатынастарын реттеу кезінде айрықша көрініс табады. Бұл ретте Еңбек Кодексінің 156,157,158 баптары бойынша филиалдың құрамындағы 63 мекеменің барлығында немесе 100% 2022-2026, 2023-2027 жылдарға арналған ұжымдық шарттар жасалған және ол құжаттар Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан тіркеуден өткен.
Бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан кәсіподақ жарналарының филиал есебіне түсулеріне және филиалға түскен қаржылардың мақсатты жұмсалуына «Қызмет» салалық кәсіподағы Орталық Кеңесінің тексеру комиссиясы 2019-2022 жылдар аралықтарына тексеру жүргізіп, қорытындысы бойынша Шымкент қалалық филиалының қаржылық жұмыстары үлгілі деп танылған.
Филиалдың қаржы түсімдері жыл сайын артып отырғанның есебінен кәсіподақ мүшелеріне шипажайларға 30%, 50% және 100% жеңілдіктермен жолдамалар беру, шипажайларға өз есебінен барып келгендерге қаржы шығындарын өтеп беру жеңілдіктерін жасау дұрыс жолға қойылған.
Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелеріне қаржылай әлеуметтік-материалдық көмектер беру, моралдық және материалдық ынталандыру бүгінге күннің талабына сай жүргізілуде.
Өткізілген ауқымды іс-шаралардың бірі – «23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні» қарсаңында қызметкерлер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында көпшілік спорт түрлерінен спартакиадалық жарыс өткізіліп, 7 спорт ойыны (суда жүзу, волейбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, бильярд, үстел теннисі) түрлеріне қатысушыларды қаржылай ынталандыруға 27 сыйлық тағайындалып, жалпы 540,0 мың теңге қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Сондай-ақ, «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2023» байқауы өткізіліп, байқау жеңімпазы атанған Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімінің аппаратына филиал тарапынан «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» дипломы мен «Сарыағаш» шипажайына тегін жолдама сертификаты табысталды.
Сонымен бірге, бастауыш кәсіподақ ұйымдардың арасында өткізілген «Үздік ұжымдық шарт – 2023» республикалық байқау-конкурсында Шымкент қаласының «Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы белсенді қатысып, «Қызмет» салалық кәсіподағының III-дәрежелі дипломымен марапатталып, 40000 теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықақысы берілді.
2024 жылы кәсіподақ активінің кадрларын дайындауға, оларды оқытуға және жастармен жұмыс жасау шараларына мақсатты қаржы бөліп, оны жандандыруға ерекше назар аударылатын болды.
Кеңейтілген отырыста тексеру комиссиясының және атқару комитетінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Жиында Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қарабаев Жарқын Құрманбекұлы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен және Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Үсенбаев Асқар Амантайұлы «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.