Еңбеккер бейнесі. Елге қызмет еткен батыр ана

Еңбеккер бейнесі. Елге қызмет еткен батыр ана

25.01.2024 Off By Администрация сайта

«Қазақ әйелі бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деп халқымыз әйел – аналардың отбасы қазығын мықты ұстап, саналы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуімен бірге қоғамда да қызмет етуі туралы айтады. Қоғамға өз игілігін тигізіп, елеулі қызмет атқарып, бүгінде зейнеткерлік демалысқа шыққан әріптесіміз, «Қызмет» салалық кәсіподағының  мүшесі Ақмарал Жұмабайқызы.

Мыханова Ақмарал Жұмабайқызы 1962 жылы дүниеге келген.  Керделі ауылдық округі, Коммунизм колхозында  Нартай Бекежанов атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, 1979 жылы Шымкент кооператив техникумының Қызылордадағы филиалына оқуға түсіп «Өнеркәсіп және азық-түлік товарларын  тану» бөлімін 1981 жылы бітірді.   Сол жылдың қараша айында алғашқы еңбек жолы  Шиелі аудандық  кооперативтік универмагінде бастады.  1982 -1996 жылдарда  Коммунизм колхозында , Еңбекші ауылында, Н.Бекежанов ауылында «Үлгілі» селолық түтынушылар бөлімінде дүкен меңгерушісі болып қызмет атқарды.

1996 жылдың ақпанынан бастап Керделі ауылдық округі село әкімінің аппаратында Салық инспекторы, 2004-2005  жылдары Шиелі ауданы бойынша «Салықшы» мемлекеттік мекемесінде салық маманы, 2005 – 2007 жылдары Жиделіарық ауылдық округі әкімінің аппаратында маман болып қызмет атқарса, 2007 жылдың шілдесінен Керделі ауылдық округі әкімінің аппаратына әскери есеп столының маманы қызметіне тағайындалды. Содан бері осы Керделі ауылдық округі әкімі аппаратында жетекші маман статист, мекеменің шаруашылық есебін жүргізу және әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі жетекші маман, әскери есепке алу және жастар ісі жөніндегі бас маман қызметтерін атқарды.

Жауапкершілік –  адам бойындағы белгілі бір істі, өзіне тапсырылған міндетті орындап, жүзеге асыруынан байқалатын адамгершілік қасиет десек, өз ісіне аса жауаптылықпен қарайтын  Ақмарал Мыханованы кішіпейіл де қарапайым, ақкөңіл де көпшіл, елін сүйген, адамгершілігі мол, мейірімді жан.

А.Мыханованың жалпы еңбек өтілі 42 жыл, оның ішінде мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 23 жыл болды. Осы жылдар ішінде атқарған адал қызметі үшін бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің алғыс хаттарымен, «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Алтын ана» медалімен, «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының грамотасымен марапатталды.

Алтын алқа иегері Ақмарал Жұмабайқызы отбасында жолдасымен бірге алты қыз, бір ұл тәрбиелеп,  бүгінде олардан 14  немере сүйіп,  еткен еңбегінің зейнетін көріп отырған бақытты әже.