«Қызмет» кәсіподағының елордалық ұйымдары «Мектепке жол» акциясына қатысты

«Қызмет» кәсіподағының елордалық ұйымдары «Мектепке жол» акциясына қатысты

01.09.2023 Off By Администрация сайта

«Мектепке жол» акциясы жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Әлеуметтік бағытталған бастама шеңберінде акция кезеңінде халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлініп, олардың мектепке дайындалуына көмек көрсетілуде.

Аталған акция аясында «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымдары кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік көмек көрсетті:

– «ҚР ІІМ емханасы бар орталық госпиталь» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымы балалары алғаш рет мектеп партасына отыратын отбасыларға 30 000 теңгеден 10 сертификат табыс етті. Сонымен қатар, осы мекеменің кәсіподағы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан кәсіподақ мүшелерінің балаларын қолдауға көмек көрсетті. Мәселен, 19 отбасы 10 мың теңгеге сыйлық карталарын алды. Жалпы акцияға 490 000 теңге бағытталды, қатысушыларды қамту 29 адамды құрады;

– ҚР ПІБ «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» ШЖҚ РМК бастауыш кәсіподақ ұйымы 43 бірінші сынып оқушыларына кеңсе керек-жарақтары бар портфельдер сатып алды, бұл мақсаттарға 790 450 теңге жұмсалды. Сонымен қатар балалар үшін кәсіподақ қаражаты есебінен мерекелік үстел ұйымдастырылды;

– «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымы 10 отбасына 10 000 теңгеден кеңсе тауарларын сатып алуға сертификаттар түрінде материалдық көмек көрсетті, осы мақсаттарға 100 000 теңге жұмсалды;

– «Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымы 3 отбасына 15 мың теңгеден сертификат табыс етті, осы мақсаттарға 45 000 теңге жұмсалды;

– Астана қаласы әкімдігінің «Демеу» қайта әлеуметтендіру орталығы КММ бастауыш кәсіподақ ұйымы бірінші сынып оқушысының отбасына 20 000 теңге көлемінде кәсіподақ көмегін көрсетті. Көмек ретінде рюкзак және кеңсе тауарлары түрінде ұсынылды.

Айта кету керек, жылдан жылға қайырымдылық акциясы кәсіподақ мүшелері тарапынан үлкен қолдау мен ризашылықты табады.

«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Астана қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымдары 86 отбасына әлеуметтік көмек көрсетіп, кәсіподақ қаражатының жалпы құны 1 млн.445 мың 450 теңгені құрады.