Жаңадан ашылған мекемеде кәсіподақ ұйымы құрылды

Жаңадан ашылған мекемеде кәсіподақ ұйымы құрылды

04.07.2023 Off By Администрация сайта

2023 жылдың 3 шілдесінде «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов жақында ғана жаңадан ашылып, жұмысын бастаған Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесуге ардагерлерге қызмет көрсететін 41 адамнан тұратын ұжым мүшелерімен бірге мекеменің басшысы Серік Сейілұлы Бабакулов қатысты.
Жиында филиал төрағасы С.Әуесханов: «Кәсіподақ – жұмыскерлердің, мемлекеттік қызметкерлердің еңбек құқын қорғайтын, олардың қауіпсіз және қолайлы жағдайда жұмыс жасауына, демалуына, шипажайларда емделуіне, отбасы мүшелеріне көмек алуға ықпал ететін бірден бір қоғамдық ұйым» және ҚР Еңбек Кодексінің 156, 157, 158-баптарына сәйкес Ұжымдық шарт қабылдау міндетті екенін баяндап, қатысушылардың сұрақтарына тұщымды жауаптар беріп, нәтижесі бойынша ұжым мүшелерінің жалпы жиналысы бірауыздан бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы шешім қабылдады.
Мекемеге жұмысқа қабылданған 41 адам толығымен 100% кәсіподақ мүшелігіне кіру туралы өтініштерін беріп, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамында болуды ұйғарды.
Мекеменің жалпы жиналысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып, Өнербаева Айнұр Оразбайқызы сайланды.
Жиын соңында мекеме басшысы С.Бабакулов ұжым мүшелерінің нәтижелі жұмыстар атқаратынына сенім білдірді.