Еңбектің көрігін қыздырған адамға – ерекше құрмет!
30.05.2023Өмірде тындырған әр ісің нәтиже беріп жатса, бұл да өмірдің сыйы емес пе?!
“Өз жақсыларымызды өзіміз ұлықтамасақ, өз жайсаңдарымызды өзіміз қызықтамасақ, онда ол өз ырысымызды өзіміз тепкендік, өз тілеуімізді өзіміз кескендік те болар еді» -деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, еңбек кітапшасында бір ғана жазуы бар, бір ұжымда 47 жыл еңбек етіп, абыройға бөленіп отырған “Қызмет” Салалық кәсіподағының Ұлытау облыстық филиалының мүшесі, ардақты ардагері Тезекбаева Сатым Жарылғапқызы. Ол – біз құрмет тұтатын және мақтан ететін ғажап кісі.
1975 жылы Жезқазған қаласындағы техникумды аяқтап, шілденің 1 күні еңбек кітапшасына алғашқы жұмысқа қабылданды деген жазумен еңбек жолының парағы ашылады. Сәтбаев қаласындағы “Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі” ММ (сол кездегі Никольский қаласы) қатардағы инспектор болып жұмыс істей бастайды.
Адамның бүкіл ғұмыр жолы оның еткен еңбегімен бағаланып жатады емес пе?! Иә, жақсы қызмет қашанда адамды шабыттандырып, алға жетелейді. Сол еңбегінің арқасында өзінің арманына қол жеткізіп, сол жолда көп ізденеді. Ал ізденісінің арқасында өзі ойлағаннан да керемет жетістікке қол жеткізеді. Қай мамандықты таңдау адамның өз жүрек қалауына байланысты. Сатым Жарылғапқызы өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі зор, ұжымына сыйлы да беделді мықты маман бола алды. Бөлім басшысы қызметіне дейін көтерілді.
2012 жылы зейнет жасына жетсе де, одан кейін басшы мен ұйымшыл ұжымның ұсынысымен тағы 10 жыл еңбек етіп, 2023 жылдан бастап үйде немерелерінің қызығына бөленіп отыр.
Сатым Жарылғапқызының бір қағидасы бар.
“Мейірім, сабырлық, тиянақтылық, жауапкершілік пен адамның қас-қабағына қарау, қызмет пен жеке кеңістік арасындағы қарым-қатынасты тепе-теңдікте ұстау –парасатты адамның қолынан келетін іс.
Адамның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері”.
Осындай жанның біздің қасымызда болып, тәжірибесімен бөлісіп, жастарға кеңес беруі үлкен құндылық емес пе?!
Еңбек жолында талай марапаттарға ие болған ізгі тұлғаның “Қызмет”Салалық кәсіподағының Ұлытау облыстық филиалының “Еңбек озаты” төсбелгісіне ие болуы қуанышымызды еселей түсті. Төсбелгіні кәсіподақтың Ұлытау облысы бойынша филиалдың төрайымы Раушан Құрмашқызы мен әлеуметтік әріптес Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Момынбайұлы салтанатты түрде табыстады.
Еңбекпен өсіп, көктеп-көгерген еңбек адамының өнегелі ісі – көпке үлгі болсын!

