Мемлекеттік қызметшілер арасында «Жылдың үздік оқырманы» байқауы өтті

Мемлекеттік қызметшілер арасында «Жылдың үздік оқырманы» байқауы өтті

30.11.2022 Off By Администрация сайта

Кітап – рухани сарқылмас қазына. Сол қазына есігін ашып кітапты көп оқитын адам белгілі бір мәселе төңірегінде тез шешім қабылдап, есте сақтау деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары, сөздік қоры бай, ойын еркін де ашық жеткізе алатындығымен ерекшеленеді.

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметкерлерді кітап оқуға ынталандыру мақсатында 2022 жылғы 29 қарашада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті , Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен «Қызмет» салалық облыстық кәсіподағының бірлескен «Жылдың үздік оқырманы» атты облыстық байқауы өткізілді.

«Парасаттың ең биік ғимараты – кітапхана» деп сөз зергері Әбіш Кекілбаев айтпақшы байқау Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының залында байқаудың І кезеңінен іріктеуден өткен мемлекеттік қызметшілер поэзия мен проза жанрынан таңдаған шығармаларынан нақышына келтіріп өлең оқып, оқыған романдары бойынша мазмұнын, автордың қорытынды ой-тұжырымын жеткізіп, кітапқа талдау жасады және ҚР СЖРА Ұлттық Статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Д.Исабековтың «Гаухартас» шығармасынан көрініс көрсетті.

Байқауға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Ә.Сәкен, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшы орынбасары Қ.Жанұзақов, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрайымы С.Тұрсынбаева, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Н.Мыңжас, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы А.Айтбаева қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Жаңақорған ауданы әкімі аппаратаның жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Ашимов Шерхан Шайдарбекұлы иеленіп, «Жылдың үздік оқырманы – 2022» номинациясы бойынша женімпаз атанды.

1-орынды Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ерсұлтан Жанболат,

2-орынды Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы ГүлзатТайғараева,

3- орынды Арал қаласы әкімінің аппараты КММ-нің бөлім басшысы Мырзагүл Рсалиева иеленді.

«Көркем сөз оқу шебері» номинациясымен Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Гүлзат Тайғараева,

«Ең жас маман» номинациясымен Шиелі ауданы, Жиделіарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дәурен Оспанов,

«Ең үздік кітап оқитын мекеме» номинациясымен ҚР СЖРА Ұлттық Статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті марапатталды.

Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.